Алматы метросында жолақы қымбаттайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы метросында да жол ақысы қымбаттайды. Бұл мәселе қазір көпшілік талқысына шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдік қаулысы бүгін Қазақстан Республикасының электронды үкіметі порталында жарияланды.

Қаулыда қаладағы қоғамдық көлік тасымалдауларында жол ақысының дифференциалды тарифін енгізу туралы айтылған.

Айта кету керек, бұған дейін қоғамдық көліктер - автобус, троллейбустардағы жолақы құнының қымбаттайтыны жайлы айтылған болатын.

Алматы әкімдігі «ҚР Автомобиль көлігі туралы» Заңының 1-бабы 2-бөліміне сәйкес қоғамдық көліктегі көлеңкелі айналымды жою әрі электрондық төлем түрін  дамыту мақсатында осындай қаулы шығарған. 

Енді қоғамдық көліктегі (метроны қосқанда) жол ақысы электрондық төлем арқылы - 80 теңге көлемінде, ал қолма-қол ақша берген жағдайда 150 теңге болады.

Әзірге бұл қаулы 13 шілдеге дейін қоғамдық талқылауда болады.

Қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен соң 10 күннен кейін заңды күшіне енеді.