Алматы мұғалімдері қоршаған ортаны қорғау мәселесіне арналған білім беру акциясына қызығушылықтарын білдіруде - Еуропалық Одақтың жобасы

АЛМАТЫ. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Еуропалық Одақтың жобасы аясында "Алматы қаласындағы мектептер мен қоғамдастықтардың қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша қоғамдық хабардарлығын дамыту" атты жобаға арналған "дөңгелек үстел" отырысы болып өтті.

Жоба ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамының және Нидерланды Қызыл Крест ықпалдастығымен Еуропалық Одақтың "Достастық тәуелсіз елдерге техникалық көмек" бағдарламасының қаржыландыруымен іске асуда. Еропалық Одақ жобаға 150 000 еуро бөлген. Жобаның жалпы бюджеті - 172 000 еуро.

"Биылғы жылы қаңтар айында басталған жобаның мақсаты - қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне оқу мекемелері мен жалпы барлық қауымның назарын аудару, экологиялық жағдайдың жақсаруына үлес қосуға шақыру болып табылады. Үлес қосуға мұғалімдердің де, оқушылардың да тарапынан қызығушылық көп. Осы уақыт аралығында 250 ұсыныстар жасалып, таратылды және қаланың 15 мектебіне қоршаған ортаны қорғау бойынша 300 анықтамалықтар жасалды. Жобаға қатысушы Алатау, Жетісу, Түрксіб аудандарында орналасқан осы 15 мектепте "жасыл аймақ" орындары жасалып, оған 800-ден аса әр түрлі ағаштар егілді. Оларды күту бойынша кеңестер де берілді. Жұмысымыз сапалы шығу үшін қаланың тек үш ауданын қамтыдық", деді жобаның үйлестірушісі Максим Қадырбаев. Оның айтуынша, жобаны іске асыру барысында сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша оқушылар мен мұғалімдерге арналған оқу материалдары жасалған және аталмыш мәселеге назар аударуға арналған "дөңгелек үстел" отырыстары, ақпараттандыру жұмыстары, оқушыларға арналған тренингтер ұйымдастырылған, сонымен қатар "Алматы қаласының ауа бассейнінің ластануы оқушылардың дене дамуы мен денсаулығына әсер ету ерекшелігін анықтау"атты ғылыми-зерттеу жүргізілген.

Жоба жылдың аяғына дейін жалғасады. Жалпы уақыты - 12 ай.