Алматы музейі 2002 жылы құрылған, бұрынғы Верный балалар үйінің ғимаратында орналасқан.
11 залда Алматы қаласының тұтастай тарихы сақталған. Сіз мұнда оңтүстік астананың әр кезеңдегі тарихымен таныса аласыз: «Ежелгі Алматы тарихы», «Ортағасырлық Алматы тарихы», «Қазақ мемлекеттілігінің бастауында», «Алматы қаласының Верный кезеңі», «ХХ ғ. Алматы» және тағы басқалары.
Музей қорында 40 мыңға жуық экспонат бар.
Оның ішінде – бейнелеу өнері туындылары, қазақ этнографиясының бірегей жинағы, сондай-ақ қазіргі таңда Алматыда тұрып жатқан халықтардың этнографиялық бұйымдары, түрлі дәуірлер мен мәдениеттердің тұрмыстық заттары, нумизматикалық, фото және құжаттар коллекциясы бар.
Алматы музейінің экскурсоводы Әнуар Сағатовтың айтуынша, музей қорында 50-ге жуық қазақтың ұлттық киімі сақталған, киім эволюциясы көне заманнан бүгінгі күнге дейін берілген.
Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған залда Қазақстан аумағында өмір сүрген немесе тұратын түрлі халықтарға қатысты ұлттық киімдер қойылған.
Бұл - шешен, кәріс, армян, украин, өзбек, түркімен және басқа да көптеген ұлттардың киімдері.
«Өздеріңіз білесіздер, Қазақ хандығы тұсында Ұлы Жібек жолында сауда жақсы дамыған. Біздің эрамызға дейінгі 3 ғасырдан бастап мұнда сауда жолдарының арқасында 16 ғасырдың басынан 20 ғасырға дейін әртүрлі маталар жеткізіле бастады. Мәдени элементтер қазақтың ұлттық киімдерінде бейнеленген», - дейді Ә. Сағатов.
Оның айтуынша, Ұлы дала – бұл мыңдаған жылдар бұрын пайда болған трансмәдени байланыстардың нәтижесінде қалыптасқан ерекше әлем.
Ол біздің тарихымызда көптеген өзгерістерге себепші болды әрі ұлттық мәдениеттің қайнар бастауын құрады.
Қандай кезең туралы сөз болса да, біз өнеріміздің өзіндік тілін сырттан жеткен мәдени жаңашылдықтармен байыта отырып, сақтағандығын көреміз.
Алматы музейінің көрмесіне қойылған бас киімдердің бірі – кимешек. Оны қазақтың әйелдері киген.
«Бұл андроновтықтар өмірін көрсетеді. Әйел жүннен жіп иірумен айналысады. Оның алдында Алматыда табылған науаның түпнұсқасы тұр. Сондай ақ, сүйектен жасалған заттар бар. Андронов археологиялық ескерткіштерінен табылған заттарға сәйкес, олар сиыр мен қойдың сүйегін пайдаланған», - дейді музей өкілі.
Жақында Алматы музейінде «Сыңғыр шолпы шашбаулым» атты зергерлік әшекей бұйымдар көрмесі өтті.
Зергерлік өнер – тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті де көрнекті саласы.
Ол халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп.
Сонымен қатар, мұнда Гиннестің рекордтар кітабына енген құрақ көрпе бар.
Оның ұзындығы - 10 900 метр. Ол осыдан 2 жыл бұрын Малайзияда орнатылған рекордты басып озды.