«Алматы – мың жасаған қала екені ЮНЕСКО көлемінде танылды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 18 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Мұнай-газ өнеркәсібі - экономиканың қозғаушы күші» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Мақалада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеше Атырау облысына жасаған жұмыс сапары баяндалған. Басылымда жазылғанындай, Елбасы сапары барысында "Каспиан техникал ресорсиз" оқу орталығына барып, мұнай-газ секторы үшін кадрларды қайта даярлаумен айналысатын орталықтың, мәшине жасау өнеркәсібін дамыту мақсатында салынған газтурбина қондырғылары мен жабдықтарын жөндеу және сервистік қызмет көрсету зауытының жұмысымен танысты. Сонымен қатар осы зауытта ел экономикасының жетекші саласы - мұнай-газ өнеркәсібін, сондай-ақ, мұнай химиясы кешенін өркендетуге қатысты кеңес өткізді. «Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасын дамытудың таяу жылдарға арналған перспективасында негізгі локомотив болып қала береді. Осы салаға салынған инвестиция көлемі мен табиғи ресурстық әлеуетті, жалпы мұнай-газ өнеркәсібінің мүмкіндігін өзге салаларды қоса дамыту барысында тиімді пайдалана білу қажет. Бұл сала индустрияландырудың негізгі қозғалтқышы болуы тиіс», - деп атап көрсетті Елбасы кеңесте.

«Мұсылман қауымының жүрегін ақ пейілге, шапағат нұрына шүпілдете толтырған Құрбан айттың бірінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы екі күндік жұмыс сапарын биік таулы "Медеу" спорттық кешенінде түйіндеді. Бұл арада Азиадаға соңғы әзірліктер аяқталып болған. "Медеудің" қазіргі көркіне көз тойғандай. Биік құзарлар қаумалай қоршаған осынау қолдан жасалған ғажайып бейне бір ертегілік қамал ішінде қалықтап тұрғандай әсер қалдырады. Атақты мұз айдынының тарихынан тартып, қазіргі жаңғырту мен жаңаланудан өткен келбет-көркін бұдан бұрын да сүйсіне жазғанбыз. Айдыны төселіп, алаңы қоршалып, 200 шаршы метрлік алып билбордты бейнетаблосы түрлі-түсті сурет-ақпараттарды жалт-жұлт ағынмен төкпелеп көз жауын алған "Медеудің" бүгінгі көрінісі тіптен таңғаларлықтай екен», - делінген «Егемен Қазақстан» газетінде басылған «Мерейі биік «Медеу» деген мақалада. Ақ Азиада ойындары өтетін бұл бірегей спорт кешенінің қазіргі келбеті жайлы білгіңіз келсе, жоғарыдағы мақалаға зейін қойыңыз.

***

«Айқын» газетінің бейсенбілік санында «ЕҚЫҰ-ға төрағалық - Қазақстан халқының жеңісі» деген тақырыппен сұхбат жарық көрді. Сұхбат беруші - Ресей Ұлттық стратегиялық институтының халықаралық жобалар директоры, саясаттанушы Юрий Солозобов. Тілші сұрақтарына тігісін жатқызып тұрып жауап берген ол: «Қазақстан аймақтың көш­басшысы ретінде Орталық Азия мемлекеттерінің басын қосып, іс жүзінде ЕҚЫҰ ұстанымдарын жүзеге асыра алады. Сондықтан Франция, Испания сияқты ескі құрлық елдері және басқа да көп­теген еуропалық мемлекеттер Қа­зақстанның ЕҚЫҰ саммитін өт­кізу жайлы бастамасын қызу қол­дады. АҚШ-тың өзінде Ас­тананың көшбасшылық және модераторлық рөлін жақсы тү­сінеді. Н.Назарбаевтың Ва­шингтонға сапары кезінде анық­тал­ғандай, америкалықтар Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретіндегі барлық негізгі ұстанымдарын қолдап отыр. Барлық әлемдік державалар ЕҚЫҰ үшін көп жылдардан бері өткізілмей келген саммит ауадай қажет екенін түсінеді. Президент Н.Назарбаевтың ұсынған бас­тамасы дұрыс әрі өзекті, сол се­бепті бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие болып отыр. Еш жасыратыны жоқ, Қазақстан ұйымға төраға болғалы көптеген әлемдік ас­таналарда жаңа серпін, бейбітшілік сүйгіш «Астана рухы» байқалады», - дейді.

2004 жылы Алматының сол кездегі әкімі В.Храпунов бастап, басқа да жандайшаптар қоштап, бірқатар орыстілді басылымдар Алматы қаласына 150 жыл толғандығын айырықша атап өткен. Сол кезде-ақ оған қарсы «Алматының кем дегенде мың жылдық тарихы бар» деп қалың қауым қатты қарсылық танытып еді. Содан бастап Алматының мың жылдық жасын анықтау мәселесін жетекші ғалымдар күн тәртібіне қоя бастады. «Айқын» газетінің жазуынша, осы сұрақтың соңғы жауабын кеше Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде өткен «Еуразияның ежелгі және орта ғасырлық кенттенуі: Алматы қаласының қалыптасуы, дамуы және жасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан ғалымдар түбегейлі шешіп берді. Ресей, Англия, Германия, Италия, Бельгия, Албан, Түрік, Жапон, Корей, Өзбекстан, Қырғызстанның ортағасырлық кенттену мәселесін зерттеуші ғалымдары Алматы қаласының шынайы жасы 1000 жылдан аспаса, одан кем түспейтінін бір ауыздан қолдаған. Қала тарихымен тереңірек танысқыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөміріндегі «Алматы - мың жасаған қала екені ЮНЕСКО көлемінде танылды» деген мақалаға назар аударыңыз.

***
Таяуда Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл «орта мектептерде оқытылып жатқан валеология пәнін мектеп бағдарламасынан мүлдем алып тастау керек» деп, Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасаған болатын. Депутаттың мұндай ұсыныс жасауына аталған пәнге арналған оқулықтағы ер мен әйел арасындағы қатынастың ашық сипатталуы себеп болып отырған көрінеді. Алайда еліміздегі кейбір мамандар «валеология пәнін мектеп бағдарламасынан мүлдем алып тастамай, ұлттық менталитетімізге сай етіп қайта жазу керек» деген ұстанымда. Мамандардың бұл мәселе жөніндегі пікірлерін «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік нөміріндегі дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарынан оқып, біле аласыздар.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымының докторы, профессор Ерлан Сыдықовпен арадағы сұхбат «Абай институты ашылса, қазақтың даналығын әлемге танытар орталық болар еді» деген тақырыппен жарияланды. Тілші сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «Абайды тану қазақ халқын танумен бірдей. Өйткені қазақ халқын дәл Абайдай танып, Абайдай түсіндірген ешкім жоқ. Сондықтан да Абай - қазақ халқының рухани көшбасшысы, жол сілтер бағдары. Ұлы ақынның жасампаздыққа, парасаттылық пен ынтымаққа үндеуші идеялары Қазақстанды мекендеуші барлық ұлттардың өкілдеріне бірдей құнды, ортақ қазына. Енді осы қазынаны әлем халқына жеткізуіміз, солармен ортақтасуымыз қажет. Міне, осы аталған бағыттардың барлығы Абай институтының ғылыми бағыттары болмақ. Германиядағы «Гете институтымен», Ресейдегі «Пушкин үйімен», тағы басқа көптеген халықаралық деңгейде жұмыс істеп жатқан орталықтармен терезесі тең тұрса дейміз. Бұл ізденісімізде бірнеше шетел ғалымдарын бірлесе, ынтымақтаса жұмыс жасауға иландырған сыңайымыз да бар. Бұл - жаңа жобаның деңгейі биік болатындығын белгілейтін факторлардың бірі» - дейді.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда белгілі қоғам қайраткері, көрнекті қаламгер Дулат Исабековті қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында мәдениет және ұлттық әдебиет төңірегінде әңгіме болған.