Алматы Наурызға қалай дайындалып жатыр

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні әз Наурыздың келуіне бірнеше күн қалды. Еліміздің мәдени орталығы - Алматы қаласы Наурызды биыл да думандатып тойламақ.

Қаланың әр ауданында мерекеге дайындық басталып кетті. Биыл қалада басты той-думан 7 ауданда бірдей өтеді. Мерекелік күндер наурыздың 21-нен 24-не дейін жалғасып, ашық аспан астында фестиваль үлгісінде ұйымдастырылады. Халық серуендері қаланың 7 жерінде: 22,23 наурыз - Астана алаңында; 21-24 наурыз - Панфилов, Жібек жолы көшелерінде; 22 наурыз - «Halyk Arena» Мұз сарайында; 22 наурыз - «Алматы Арена» Мұз кешенінде; 22 наурыз - «Атакент» ҚІЫО; 23 наурыз - «Сұңқар» Халықаралық трамплиндер кешенінде болады.

Қазір бұл алаңдарда Наурызға орай безендіру және рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Алматылық тиіннің басына тақия кигізіліп, қолына жауқазын ұстатты. Мұның алдында оның қолында жаңғақ болатын. Алматылықтарды алып инсталляция бұдан былай осы кейіпте қарсы алады.

ҚазАқпарат агенттігінің фототілшісі қаланың басқа да аудандарындағы дайындық барысымен танысып қайтты.

Төле би көшесіндегі «Астана» алаңында автокөлік пен автобус жолында қозғалыс жабылды.

Қазір ол жерге сахна қойылып жатыр. Бұл алаңда 22-23 наурыз күндері эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. 23 наурызда МузАРТ тобы ашық аспан астында концерт қояды.

Ұлыстың ұлы күні Алматы көшелеріндегі Наурыз шеруімен басталады. 21 наурызда қала көшелерімен ұлттық киім киген, сән-салтанаты келіскен думанды топ сахналанған көрініс қойып өтеді.

Сонымен қатар, қалада 60 тонна бауырсақ пен көже таратылады.

Наурыздың 21-22 күндері күн ашық, +14,+17 градус жылы болады. 23-24 наурызда жауын жауады, бірақ ауа температурасы төмендемейді.

Соңғы жаңалықтар