Алматы облысы Азиада үшін лайықты серіктес болады және бірегей спорттық база дайындайды - аймақ әкімі

ТАЛДЫҚОРҒАН. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов жұма, 3 желтоқсан күні Талғар ауданына кезекті жұмыс сапарын жасады. Бұл сапардың мақсаты - аяқталып келе жатқан және облыс үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызды бірқатар спорт нысандарын аралау болды.

Атап айтқанда, әкім Солдат шатқалындағы «Ақ бұлақ» тау курорты маңындағы шаңғы биатлон кешенінде, Бесқайнар ауылындағы «Табаған» спорттық-сауық кешеніндегі фристайлға арналған алаңда және «Арыстан» мамандандырылған лицейде болды.

Бұл нысандардың құрылыстары облыс әкімдігінің жіті назарында. Естеріңізге сала кетейік, жаңа спорттық нысандар келесі жылдың басында өтетін Азиадаға арнап салынуда. Ал «Арыстан» кадет корпусы - «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қоры» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жүзеге асырылып жатқан жоба.

Әкімнің баспасөз қызметінен хабарлағандай, әкім сапарын шаңғы-биаотлон кешенінің стадионынан бастады. Теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікке орналасқан стадионның ауданы - 24,5 гектардың шамасында. 3 мың көрермен сиятын стадион жобасының сметалық құны - 13 миллиард теңге. Тапсырыс беруші - Туризм және спорт министрлігі.

9 желтоқсанда бұл кешенге Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов келеді және одан кейін Қазақстан Кубогы үшін жарыстар өтеді деп күтілуде.

Әкім ат басын тіреген екінші спорттық нысан - «Табаған» аумағында орналасқан фристайл алаңы болды. Бұл жобаның сметалық құны - 185,3 миллион теңге.

С.Үмбетов сапар аясында сондай-ақ, құрылысы аяқталып қалған «Арыстан» лицейімен танысты.

Сапар соңында С.Үмбетов қарап шыққан кешендердің маңыздылығына тағы бір рет тоқталды және Алматы облысының Азиада үшін лайықты серіктес бола алатындығына сенім білдірді.