Алматы облысы бойынша 411 сотталушыға рақымшылық жасалады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы Алматы облысы бойынша 411 сотталушыға әсері болады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің ресми сауалына жауап берген облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департамент бастығы міндетін атқарушы Болат Жүнісов мәлім етті.

«Рақымшылық туралы заңның күші ресми түрде 411 адамға әсер етеді. Соның ішінде 2 сотталушы бостандыққа шығады. Қалған 30 адамға  жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылса, үкімде көрсетілген басқа да талаптары толықтай өтелген 379 сотталушының жазасы қысқартылады», - делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25  жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы қылмыстық құқық бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады. 

Заңға сәйкес, азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтары, соның ішінде кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар қылмыстық жазадан босатылады. Жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлмен немесе бостандығын шектеумен алмастыру немесе қысқарту да көзделген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, рақымшылыққа Қазақстан бойынша 28 мың адам ілігуі мүмкін.  Бұл ретте айыппұл шарасына, шартты жазаға кесілгендер, қоғамдық жұмыстарға және басқа да ауыр емес жазаға тартылғандар қамтылатын болады. Белгілі болғандай, лаңкестік және басқа ауыр қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейді. Негізі рақымшылық жасау аса ауыр емес қылмыстарға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және қоғамдық қауіптілігі жоқ қылмыстарға көзделген. Сонымен қатар, рақымшылық аясында бас бостандығынан айыру орындарынан 1500 адам босап шығады.