Алматы облысы бойынша Жоғарғы сотқа шағымданушылар көбейген

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысы сотының жұмысына наразылық танытып, Жоғарғы сотқа шағымданғандар саны 35 пайызға артқан. Бұл туралы Талдықорғанда өткен облыстық сот жұмысының қорытынды жиынында Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төраға қылмыстық және азаматтық істерде апелляциялық шағымдардың баяу қаралуын, судьялардың  жұмысын сынға алды.

«Сіздерде кейбір істерді бөлшектеу басталды. Бұл істердің барлығын мен көріп отырамын. Кассациялық ретте қаралмайтын істерді де қайта қарауға, көрсетуге Жоғарғы соттың немесе Бас Прокурордың өзінің құқығы бар. Осы практиканы егер жалғастыратын болсаңыздар, сол үшін жазаланатын боласыздар», - деді ҚР Жоғарғы сот төрағасы.

Сондай-ақ, алқа мәжілісінде Елбасының 5 институционалды реформасындағы сот жүйесінің жаңғыртылуы мен мемлекетті басқару жүйесінде болатын өзгерістер  талқыланды.  Жалпы Алматы облыстық соты 2016 жылы 40 мың азаматтық іс, 4 мыңнан астам қылмыстық іс қараған.