Алматы облысы, Қарасай ауданының уақытша ұстау орынынан қашып кеткен үш күдікті 4 сағаттан соң ұсталды

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматылық тәртіп сақшылары осы облыстың Қарасай ауданындық Ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау оқшаулағышынан қашып кеткен үш күдіктіні 4 сағаттан соң ұстады.

Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, 23 қазан күні түнгі 4-тер шамасында ұрлық жасап, кісі тонады деген күдікпен қамауда отырған 20-25 жас аралығындағы 3 азамат арнайы мекеменің терезесінің кірпіштерін бұзу арқылы қашып шыққан. «Күдіктілерді полиция қызметкерлері Алматы қаласындағы жалға алынған пәтерде жатқан жерінен құрықтады. Осы оқиғаға байланысты облыстық Ішкі істер департаментінің Өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері ішкі тексеру шараларын жүргізуде және бұл бағыттағы жұмыстар министрлік басшылығының назарында. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілердің арнайы мекемеден қашып кету жағдайы уақытша ұстау оқшаулағышы қызметкерлерінің салақтығынан болып отыр»,-деді департамент бастығы.