Бұл туралы Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Санат Түсіпов мәлімдеді. Жалпы 2018 жылы өңірлік палатаға салықтық қатынастар мәселелері бойынша 110-нан астам өтінім келіп түскен. Мәселен, «Я Лан Ган Су» ЖШС өтінімі оң шешімін тапты. Бұған дейін Мемлекеттік кірістер басқармасы компанияға «151,2 млн теңге табысын жасырды» деп ескерту жасаған. Компания өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтінім жасаған соң мамандар компанияның бухгалтерлерімен бірлесіп, қажетті құжаттарды басқармаға тапсырды. Осы кездесу барысында 151,2 млн теңге - өндірістің азаюы салдарынан пайда болған 2016 жыл және 2017 жылдың арасындағы салыстырмалы жылдық кірістің айырмашысы екені дәлелденді. Мемлекеттік кірістер басқармасы ЖШС тапсырған құжаттарды және келтірілген дәйектерді тексеріп, нәтижесінде ескертуді алып тастады.
Сонымен қатар 2018 жылы Еңбекшіқазақ ауданында «Экстремал Спорт-туризм» ЖШС мен Жер қатынастары бөлімі арасындағы дау шешілген болатын. Мемлекеттік орган жер теліміне 17,3 млн теңге көлемінде салық салған. Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан болған қолдау, сондай-ақ, бірлескен кездесулер, инвестициялық жобаны растайтын құжаттар ұсынылып, Салық кодексі бойынша жеңілдіктер көрсетілген соң белгіленген салық алынып тасталды. Нәтижесінде 2018 жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің 65,5 млн теңге салыққа қатысты мүддесін қорғады.
«Мемлекеттік кірістер департаменті - «Атамекен» ҰКП-ның стратегиялық серіктестерінің бірі. Департамент басшылығы мен мамандарының белсенді атсалысуын ерекше атап өткен жөн. Олар кәсіпкерлерге қол ұшын созуға дайын әрі орын алған мәселені тез шешуге ынталы. Бірлескен түсіндіру жұмыстары Бухгалтерлер клубы және «Салық қызметкері сағаты» жобасы шеңберінде жүргізілді», - деді ӨКП сарапшысы Санат Түсіпов.