Алматы облысы мен Мысыр провинциясы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Мысыр мен Қазақстан арасында туристік салада ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне арналған баспасөз мәслихаты болып өтті.

 Журналистермен кездесуге Мысырдың Қазақстандағы елшісі Хайтам Гамиль Камал, Мысырдың Туризм әкімшілігі бөлімінің басшысы Ахмед Шукри, Оңтүстік Синай провинциясының губернаторы Халид Фуда, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік  Тұрдәлиев және Қазақстан мен Мысырдың туризм, қонақ үй бизнесі саласында қызмет атқаратын компания басшылары қатысты.

Кездесу барысында Алматы облысы мен Мысырдың ең танымал туристік мекендерінің бірі - Оңтүстік Синай провинциясы арасында Ынтымақтастық туралы меморундамға қол қойылды.

«Бұл келісімнің арқасында Қазақстан мен Мысыр арасында, әсіресе туристік саладағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Бұл жерде бүгінгі келісімнің алар орны ерекше. Өйткені, Алматы облысы Қазақстандағы ең үлкен, экономикасы дамыған және халық көп шоғырланған өңірлерінің бірі. Мұнда ерекше тарихи орындар көп. Оңтүстік Синай да Мысырдың ең бетке ұстар провинцияларының бірі. Мұнда бүкіл әлемге танымал Шарм-эль-Шейх шипажайы орналасқан», - деді Мысырдың Қазақстандағы елшісі Хайтам Гамиль Камал.

Өз кезегінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдыәлиев бұл келісім екі ел арасында туристік байланыстың дамуына жаңа серпін беретіндігін айтты.

«Бұл келісімге қол қою біз үшін үлкен құрмет. Енді Алматы облысы мен Оңтүстік Синай арасында туризм, білім, мәдениет, өнер, экология саласындағы ынтымақтастық дами түседі деген сенімдемін. Сонымен қатар, бұл келісім екі елдің туристік компаниялары арасында серіктестік қарым-қатынастың нығаюына негіз болады», - деді С. Тұрдыәлиев.

Айта кетелік, соңғы 60 жыл ішінде әлемде туристер саны бір жылда 25 триллионнан 1 миллиард адамға дейін артқан. Бұл сала тұрақты түрде дамып жатыр. Қазіргі таңда жер шарының әрбір 11-ші тұрғыны туризм саласында қызмет етеді.

Ал Қазақстаннан Мысырға баратын туристер саны да жылдан жылға арта түсуде. Былтыр Мысырға біздің елден 22 мыңнан астам адам туристік сапармен барып қайтқан.