Алматы облысы полициясының арнайы жасағы 3 алтын медаль жеңіп алды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық ІІД жедел әрекет ету арнайы жасағының жауынгерлері үздік атанды. Олар  Семейде джиу-джитсудан өткен Қазақстан чемпионатында 3 алтын медальді қанжығалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әртүрлі салмақ санатындағы жекпе-жекте арнайы мақсаттағы офицерлер Қуандық Есенов, Мәди Досмұхамедов пен Ержан Әділбек жеңімпаз атанды. ІІД басшылығы облыстық полиция қызметкерлерінің жедел кеңесінде ЖҚАЖ жауынгерлеріне қолдау көрсетіп, оларға  естелік сыйлықтар тапсырды.

«Полициядағы спорт - бұл өте маңызды. Бүгінгі таңда заманауи полиция қызметкерін спортсыз елестету мүмкін емес. Әсіресе біздің арнайы мақсаттағы жауынгерлер үшін спорт  бірінші орында болу қажет. Олардың көпшілігі түрлі дәрежедегі спорт шеберлері атанған. Ұлттық чемпионатта біздің Департаменттің намысын қорғаған жігіттерге   құрметіміз ерекше»,- деп атап өтті облыстық полиция бастығы, генерал-майор Мұрат Ұрұмханов.