Алматы облысы тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдауға Мәжіліс депутаттары келді

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Алматы облысына іссапармен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірге Парламент Мәжілісінің депутаттары Максим Рожин мен Мақсат Толықбай арнайы келді. Ондағы негізгі мақсат келелі жиын өткізіп, тұрғындармен байланыс орнату.

Олар 10 күн бойы өңірдегі 7 аудан мен Қонаев қаласын аралап, тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдайды.

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасы Қуат Байғоджаев Мәжіліс депутаттары барлық аудан, қалада 40-тан астам кездесу өткізіп, қоғамдық қабылдау ұйымдастырылатынын жеткізді.

Қоғамдық қабылдаулар кестесі партия филиалдарының әлеуметтік желідегі парақшаларына жарияланған. Сонымен қатар алдағы уақытта Жол картасына енгізілген жобалардың іске асырылу барысы да талқыланады.

Айта кету керек, халық қалаулылары Еңбекшіқазақ ауданында өңір жұртшылығымен кездесуді бастап кетті.