Алматы облысына Голландиядан картоп тұқымы жеткізілді

НАРЫНҚОЛ. ҚазАқпарат - Алматы облысының Райымбек ауданына Голландиядан элиталы картоп тұқымы жеткізілді. Шаруалар картоп өндірісін жандандыруды мақсат етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нарынқол өңіріне Голландиядан 80 тонна «Санте», «Агрия» атты картоптың элиталық сорттары жеткізілді. Картоптың бұл тұқымдары өнімділігі және дәмі жағынан нарықта үлкен сұранысқа ие. Ауданға барлығы бұл сорттардың 240 тоннасы келуі тиіс. Жалпы Нарынқол өңірі бұрыннан картоп өсірумен айналысады.

«Биыл облыс бюджетінен 132 млн теңге қаржы бөлініп, картоп өсірушілерге арналған екі сервистік дайындау орталығы құрылмақ. Шетелден әкелінген тұқымды шаруалар жуық арада отырғызып, көктемгі дала жұмыстарына кіріспек», - дейді, Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров.

Ал голландиялық инвесторлар өңірге картоп өңдейтін кәсіпорын салуды жоспарлап отыр.