Алматы облысынан табылған қар барысы хайуанаттар бағына жеткізілді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облысында ер адам мал бағып жүріп жол-жөнекей әлсіреген қар барысын кездестірген. Ол дереу құзырлы органдарға хабарласып, бүгінде жануар қамқорлыққа алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде қамауда болған қар барысының видеосы тарады.

«Алматы облысында тұрғындар қоршауға қамалған қар барысын видеоға түсірген. Оқиғаның Алматы облысы Нарынқол ауылында болғаны айтылған. Қызыл кітапқа енген жануарды неге қамап қойған? Өкінішке қарай, ол жағын анықтау мүмкін болмады», - делінген жазба астында.

Желідегі жарияланымға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті түсінік берді.

«19 сәуір күні Алматы облысы Райымбек аудандық полициясының кезекші бөліміне Сарыбастау кентінің тұрғыны мал жаю кезінде әлсіреген қар барысы (артқы аяқтарының қозғалыс функциялары бұзылған) кезіккені жайлы хабар түсті. Оқиға орнына «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары, Райымбек ауданы полиция бөлімі қызметкері мен табиғат қорғау полициясы барып, акт толтырылды», - делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ, комитет Қызыл кітапқа енген жануар 20 сәуір күні Алматы хайуанаттар бағына жеткізілгенін хабарлады.