Алматы облысында 1,5 ай бұрын жоғалған жасөспірім табылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған полицейлері бір жарым ай бұрын жоғалып кеткен жасөспірімді іздеп тапты. 15 жастағы ер бала өз отбасына оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазан айының ортасына таман Талдықорғанның тәртіп сақшыларына оқушы баланың жоғалғаны туралы арыз түскен. Жағдайды анықтай келе жасөспірімнің үйінен жиі кететіні белгілі болды. Бұл жолы ол өзінің досымен кетіп қалған. Оның да ата-анасы полицияға ресми арызданып, көмек сұраған.

«Екі жасөспірімді іздеуге қалалық полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Полицейлер қаладағы компьютерлік клубтарды, қараусыз қалған ғимараттар мен саяжайларды шолып шығып, жоғалған балалар туралы ақпарат пен мәліметтер әлеуметтік желілерге салынды. Нәтижесінде жасөспірімдердің Алматы қаласына шығып кеткені анықталды. Бір ай дегенде жасөспірімнің біреуі табылып, үйіне қайтарылды», - деп мәлімдеді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, екінші оқушыны іздеу жұмыстары екі қалада да жалғасты. Нәтижесінде жетісулық полицейлер хабар-ошарсыз кеткен баланың қайда жүргенін анықтады. Ол Алматы қаласы маңындағы елдімекендердің бірінде қаңғырып жүрген жерінен табылды. Қазіргі таңда жасөпірім Талдықорғанға жеткізіліп, туыстарына тапсырылды. Балалардың үйінен жиі қашатыны ескеріліп, ювеналды полицияға тіркеуге алынды. Сондай-ақ, облыстық полиция департаментінде екі оқушыға қатысты жинақталған материалдар жасөспірімдер ісі бойынш комиссияда қаралып, олардың ата-анасы бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені айтылды.