Алматы облысында 100 шақырым жол жөнделеді
Биыл облыста тоғыз бюджеттік бағдарлама жүзеге асып жатыр. Берілген міндеттерді орындауға шамамен 16 миллиард теңге бөлінді. Оның басым бөлігі, яғни 13 миллиард теңге - облыстық бюджет қаражаты.
Жолдар мен көпірлерді салу және күрделі жөндеу жұмыстары Ақши ауылы маңындағы «Бірлік-Алмалық-Рысқұлов-Казстрой-Ақбұлақ» және «Сарыөзек-Қорғас-Қоғалы-Көксу-Қарабұлақ» бағыты бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, мекеме 100 миллионнан астам қаражаттың Қарасай ауданындағы «Қаскелең-Шамалған-Ұзынағаш» автожолының жерасты жаяу жүргіншілер жолын салуға жұмсалатынын хабарлады. Сонда-ақ Қарасай мен Іле аудандарындағы «Дмитриевка-Междуреченское-Қараой-Қапшағай-Күрті» және «Алматы-Өскемен» жолдарында көпір тұрғызу қарастырылған.
Биыл Қаратал ауданындағы «Талдықорған-Үштөбе-Быжы-Мұқыр» магистралінде, Көксу ауданындағы «Балпық би-Ақтекше» магистралінде, Жамбыл және Сарқан аудандарындағы «Ұзынағаш-Бесмойнақ» және «Екіаша-Аманбөктер» тас жолдарындағы асфальт төсемдері жаңартылады.