Суармалы алқаптарды көбейту мақсатындағы жұмыстар кезең-кезеңмен іске асады. Суару каналдарын жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңін Ислам даму банкі қаржыландырады. Нақтырақ айтқанда, 4446,3 шақырым суару каналдарының 1618,461 шақырымы қалпына келтіріледі. Бұл жұмыстар 2017-2019 жылдары жүзеге асып, 35, 4 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу жоспарлануда. Құрылыс монтаждау жұмыстарының құны 14 млрд теңге.
Айта кету керек, Елбасының биылғы Жолдауында еліміз бойынша суармалы егіс алаңын 40 пайызға кеңейтіп, 2 млн гектарға жеткізу тапсырылған. Бұл өз кезегінде отандық өнім үлесін арттырып, еңбек өнімділігін жоғарылатуға ықпал етеді.