Кеше Алматы облысының Асы жайлауында Елбасының қатысуымен өткен облыстың Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары малшыларының слетінде облыс әкімі Аңсар Мұсаханов осындай мәліметтерді келтірді.
"Алматы облысында мал өнімдерін өндіру көлемі артып, мал басы мен құстардың саны тұрақты өсіп келеді. Көктемгі мал төлдету науқаны да табысты өткізілді. Әр жүз аналықтан 103 қозы, 91 бұзау, 88 құлын және 52 бота алынды. Облыстағы мал басын асылдандырып, қолда бар тұқымның генефондын сақтау бағытында 152 асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс жасайды. Мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасын іске асыру жоспарына сәйкес 813 шаруашылық анықталып, 43 мыңнан астам сиыр етті бағыттағы асыл тұқымды бұқалармен бұдандастырылатын болады", - дейді Аңсар Тұрсынханұлы. Оның айтуынша, облыста 2011-2015 жылдары 10 мың бас болатын 20 асыл тұқымды репредукторларды іске қосу көзделген. Оның 2 мың бас құрайтын үшеуі ағымдағы жылы өз жұмысын бастайды. Бүгінгі күнде нақты бір шаруашылық-репредуктор құрылды. Ол Балқаш ауданындағы 2600 бас құрайтын "Динара ранчо" фирмасы.
"Осы мерзімде 22,3 мың басқа арналған бордақылау алаңдары құрылуы тиіс. Оның ішінде 5050 бас малға арналған бордақылау алаңы биылғы жылы іске қосылады. Енді етті бағытта 20 мыңнан астам бас ірі қара өсіретін жаңа ферермерлік шаруашлықтар құру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы жоспарланған 6 мың бас мал өсіретін шаруашылықтардың 41-і құрылды. Үстіміздегі жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен 341 миллион теңге бөлінді. "Сыбаға" бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша қаржы институттарына 8420 бас ірі мал сатып алуға 3 миллиард 430 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Осы уақытта 91 шаруашылыққа өнімдерге сәйкес 435 миллион теңге қаражат бөлініп, 1573-тен астам ірі қара сатып алынды", - деді Аңсар Мұсаханов.