Қазір қомақты қаржыны бюджетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған заң бұзушылықтарға Іле (1293,9 млн, теңге), Талғар (516,8 млн. теңге), Қарасай (204,3 млн. теңге), Еңбекшіқазақ (59,5 млн. теңге), Панфилов (45,3 млн. теңге) аудандары мен Талдықорған қаласының (26,1 млн. теңге) әкімдіктері жол берген.
«Меншік иесіне жер мемлекет меншігінен берілсе, онда сол адамға мемлекеттен сатып алған бағасы қайтарылады. Егер біреуден сатып алған жағдай болса, сол мәміледе көрсетілген бағасы берілу керек. Бұл жағдай аудан әкімдігі тарапынан көп жағдайда ескерілмей, жерге нарықтық құнмен төленген. Бұл жайтты прокуратура анықтап, сот шешімі қабылданып, 2 млрд теңгеден астам қаржыны бюжетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Алматы облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Әбдірахманов.
Айта кету керек, бүгін Талдықорғанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен алқалы жиын өтті. Күн тәртібінде облыс аумағында жүзеге асырылатын республикалық және облыстық маңызы бар жобаларға қажетті жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару жұмыстары қаралды.