Алматы облысында 20 жастағы бойжеткен дәрі-дәрмекті қымбатқа сатқан

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тұрғыны дәрі-дәрмекті көтеріңкі бағамен сатқаны үшін әкімшілік жауакершілікке тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.

Күшейтілген карантин жағдайында облыстық прокуратурамен бірлесіп рейд жүргізген Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері 2000 жылы туған әйелдің дәрілік заттарды жоғары бағамен сату фактісін анықтады.

Ол респираторлық вирустық аурулармен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмекті рұқсат құжатынсыз және лицензиясыз, сондай-ақ көтеріңкі бағамен сатқан.

Тінту барысында 200 000 теңгеден астам сомаға «Клексан», «Фраксипарин», «Зитмак-500» және басқа да дәрі-дәрмек тәркіленіп алынды.

Аталған фактінің материалдары Алматы облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депаратаментіне жолданды.

Қаржы мониторингі комитеті және аумақтық ЭТД дәрі-дәрмекті заңсыз сату, сондай-ақ бағасын көтергені үшін қылмыстық немесе әкімшілік жаза қарастырылғанын ескертеді.