Алматы облысында 200 мыңнан астам адам жол ережесін бұзды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат  - 2016 жылы Алматы облысында жол жүру ережелерін бұзған 211 732 адамға  әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Оның ішінде мас күйінде көлік жүргізгендер саны - 2 586. Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында есеп беру кезеңінде 233 тұлға мәжбүрлеп емдеу үшін арнайы мекемелерге жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Алматы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен шара барысында Жергілікті полиция қызметінің өкілдері мәлім етті.

«Өткен жылы қоғамдық орындарда жасалған қалмыстар саны 1,3 пайызға, оның ішінде көше қылмыстары 5,3 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, көшелерде орын алған ауыр қылмыстар 12,7 пайызға, аса ауыр қылмыстар 42,1 пайызға азайды»,- деп атап өтті облыстық Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Шыңғыс Сабуров.

Сондай ақ өткен жылы отбасылық-тұрмыстық ортада жасалған қылмыстар саны 4,5 пайызға төмендеген.

Айта кету керек, 2016 жылы 1 қаңтарда Елбасымыздың тапсырмасы негізінде Жергілікті полиция қызметі құрылып, қызмет атқарудың жаңа нысанына көшкен болатын. Жергілікті полиция қызметінің құрылуы барысында ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге облыс әкімдігінің көмегі зор болды.

Атап айтқанда, 2016 жылы облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен 389 млн теңге бөлініп, оларға 60 - қызметтік автокөлік, 15 - «Крис-П» жылжымалы фоторадарлары және бейне материалдарды жинақтайтын 4 стансы сатып алынды.

«2017 жылы 62 учаскелік полиция пункттерін тұрғызу және учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік полиция, ювеналдық полиция қызметкерлері үшін 107 жаңа автокөліктер алу жоспарланып отыр»,- деп хабарлады Ш.Сабуров.