Алматы облысында 200 оқушы Президент шыршасына қатысты
Үлкен экран арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ тілектерінен қанаттанған ел ертеңі қазақстандық өнерпаздармен қатар, украиналық және беларусьтік цирк әртістерінің қойылымдарын тамашалады.
«Бүгінгі Президенттік шыршаға облыстың әр түкпірінен келдіңіздер. Барлығың талантты, ақылды, үздік оқушысыңдар. Елдің болашағысыңдар, мемлекеттің ертеңгі тірегісіңдер. Сол үшін жақсы оқып, талапты болуларың қажет. Біз сендерге үлкен үміт артамыз. Жаңа жылда арман-тілектерің орындалып, қуаныштарың көбейе берсін», - деді облыс әкімі А. Баталов.
Аяз Ата мен Ақша қарды космостан күтіп алған балалар Жаңа жылдық шыршаның шамын жақты, ойын ойнап, шыршаны айналып ән салды. Ескі Мешін жылын шығарып сап, жаңа Тауық жылын қарсы алды. Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында өткен шыршаға дарынды оқушылар, ата-ана қамқорлығынан айрылған балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелері қатысты. Ертегі әлеміне саяхат жасап, шат-шадыман күйге енген балаларға мерекелік сыйлықтар тарту етілді. Оның ішінде киім-кешектер де бар.