Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдың 7 қаңтарында қатты жел салдарынан Сарыөзек-Қоғалы тасжолында қар борап, 55 адам мінген 22 автокөлік қар құрсауында қалып қойған. 55 адамның 15-і - бала. Апаттық-құтқару жұмыстарына жеке құрамның 8 адамы мен жол қызметінің жұмысшылары қатысып, көліктерді қауіпсіз жерге шығарған. Эвакуацияланған жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ.
Ал 6 қаңтардан бері боран салдарынан Үшарал-Достық тасжолының 83-184 шақырым аралығы жабылған. Ауа райының күрт бұзылуына орай Алматы облыстық ТЖД мамандары жолға шықпауға кеңес береді. Жол жабылды деген СМС-хабарламаларға құлақ асып, мүмкіндігінше сапарды шегеру керектігін ескертеді.