Алматы облысында 5 күнде 200 тонна қант өндірілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Көксу қант зауытында  5 күнде 200 тонна қант өндірілді. Қызылша өңдеу маусымының сәтті басталуымен зауыт құрылтайшыларын, жұмысшыларын, шаруаларды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, зауытқа арнайы барды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.



Көксу зауытына барған Амандық Баталов инвесторлар жүргізген кәсіпорынның екінші жаңғырту кезеңінің нәтижелерімен танысты. Екінші жаңғырту кезеңінің қорытындылары туралы зауыт директоры Алтынбек Абатов мәлім етті.

 

А. Абатовтың айтуынша, зауытқа германиялық, шведтік, украиндық жаңа құрал-жабдықтар орнатылған. Центрифугалар, вакуумдық аппараттар, бу стансалары ауыстырылып, тастан тазалаушы құрылғы қойылған. Технологиялық процестер толығымен автоматтандырылды. Соның нәтижесінде өткен жылы зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне шамамен 1600 тоннаны құраса, биылғы жылы тәулігіне 2000-2200 тоннаға жетті. Сондай-ақ мазут тұтыну мөлшері 40 %-ға азайды. Облыс әкімі қызылша жинау алаңына да жаңа құрылғылар орнатылғанын көрді.  Соңғы 3 жылда инвесторлар зауытты жаңғырту жұмыстарына 3,5 млрд. теңге жұмсаған. А. Абатовтың сөзінше, биылғы маусымда қант қызылшасын қабылдауды зауыт 20 қыркүйекте бастаған. Ал 5 қазанда маусымның алғашқы қанты өндірілді. Қазіргі кезде 44 мың тонна қант қызылшасы қабылданды. Жалпы зауыт 200-220 мың тонна қабылдауды жоспарлап отыр.

 

Жалпы Алматы облысының қантқа деген қажеттілігі жылына 37 мың тоннаны құрайды. Биылғы жылы бұл қажеттілікті толықтай жабуға мүмкіндік бар: Көксу қант зауыты 20 мың тонна қант шығарса, Ақсу қант зауыты 10 мың тонна өндіруді жоспарлап отыр. Мұнан кейінгі кезеңде Ақсу қант зауыты толық қуатына шыққанда маусымына 300 мың тонна шикізат өндіре алады. Ал Көксу қант зауыты 250 мың тонна, одан әрі 300 мың тонна жобалық қуатына шығуға мүмкіндігі бар. Мәселен, өткен жылы 560 шаруа қожалығы қызылша өсірумен айналысса, биылғы жылы олардың саны 780-ге жеткен.