Алматы облысында 5 мүгедек кәсіпкер демеушілік көмекке ие болды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысында 5 мүгедек кәсіпкер өздерінің бизнесін ашу және дамыту үшін демеушілік көмекке ие болды.

Айта кетейік, бұл «Даму-Көмек» мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бағдарламасының арқасында жүзеге асып отыр.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Ринат Талтүсов хабарлағандай, бүгінгі күнде азық-түлік өнімін шығарушы «Food.kz» ЖШС және құрылыс материалдарын дайындайтын «Промкомплект-Б» ЖШС демеушілік көрсетіп отыр.

Бұл компаниялар «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие болып, мүгедек кәсіпкерлерге демеушілік көрсетуде.

Мәселен, Ғалия Тілепова мен Гуля Мирашева көпфункционалды және қазіргі заманғы тігін машиналарын алды. Ал Асхат Талғарбаев аяқ киім тігу үшін құралдар жиынтығына ие болса, Қарлығаш Бекенова электрлі массаж жасайтын құрал,, Лейля Бижабекова компьютерге қол жеткізді.

Бұдан бұрын Алматы облысында «Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша 24 мүгедек кәсіпкерге демеушілік көрсетілген еді.