Алматы облысында 590 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 590 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Жетісулық үздік оқушыларды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, олардың әрқайсыларына «Алтын белгі» белгісін өз қолымен табыстады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектеп түлектерін құттықтаған Амандық Баталов оқушылар өздерінің талапшылдығы мен ізденімпаздығының арқасында өмір бойына азық болар ең құнды байлық білімін толықтырып,  жетістіктер жолына қадам басып отырғанын айтты. Бұл орайда ата-аналар мен мұғалімдердің еңбегін де атап өтті.

«Сіздер әлемге Тәуелсіз Қазақстан деп танылған мемлекетте туып-өсу, ел дамуымен бірге білім алу бақыты бұйырған ұрпақсыздар. Бұл сіздерге мақтанышпен қатар зор міндеттер жүктейді», - деп атап өтті өңір басшысы.

Салтанатты шарада облыстың үздік оқушыларының атынан Талдықорған қаласындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №20 мектеп лицейінің түлегі Асылжан Балатұрсынов пен Іле ауданындағы М. Мақатаев атындағы № 13 мектептің түлегі Аружан Төлебекова сөйледі. Көрсетілген қолдауларға алғыстарын айта отырып, өздеріне артылып отырған сенімнің үдесінен шығатындарына сендірген түлектер елдің иглігі үшін білім алып, еңбек етуге сөз берді.

Түлектер  үшін эстрада әншілері өнер көрсетіп, «Білім шарлары» ұшырылды. Әдемі кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Жалпы Алматы облысында 14 268 түлек мектеп бітіріп, оның 590-ы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 528 түлек үздік аттестатқа ие болды.