Алматы облысында 641 бизнес субъектісіне несие төлемін кейінге шегеруге жағдай жасалды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Алматы облысында дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде 119 мың бизнес субъектісі салық ынталандыруына қол жеткізді, 641 субъектіге 24 млрд теңге несие төлемін кейінге шегеруге жағдай жасалды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, өңірдегі 6,5 мың жалгер үшін жеке секторда жалға алу құны 30%-дан 90%-ға дейін төмендетілген, 690 бизнес субъектісі коммуналдық меншік мүліктерін жалға алу төлемінен толық босатылды. Кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 16,2 млрд теңге бөлінді.

«Осы айтылған шаралардың барлығы шағын және орта бизнес көрсеткіштерін өткен жылдың деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді. Соған сәйкес шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1,7 трлн теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34% жетеді. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 %-ға жеткізу тапсырылған болатын, біз бұл межеге келесі жылы жете аламыз», - деді А. Баталов.