Алматы облысында адасқан екі шетелдік турист құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының құтқарушылары адасып қалған екі шетелдік туристі тапты. Екеуі де дін аман. Оларды Көксу өзенінің шатқалдарын тікұшақпен қарау кезінде байқаған, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.

Еске сала кетейік, 2 мамыр күні Ресейдің 11 адамнан тұратын туристік тобы Кербұлақ ауданындағы таулы жоталарды жаяу аралауға шыққан. Жолда Инна Яковлева мен Менги Камаа топтан көз жазып қалады.

5 тәулік бойы бойжеткендер тауда адасып жүрген. Бұл туралы туристік топтың жетекшісі құтқарушыларға хабарлаған.

- Іздестіру кезінде шекаралық қызметтің өкілдері мен Алматы облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері көмектесті. Барлығы 50 шақты адам мен 7 техника, 1 тікұшақ қатыстырылды. Қазір олардың денсаулықтары жақсы. Ауруханаға барудан бас тартты, дейді облыстық ТЖД басқарма басшысы Асқар Тойшыбеков.