Алматы облысында Африка балықтары жерсіндірілуде

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Ұйғыр ауданында Африка балықтары жерсіндіріле бастады. Тиляпия және африкалық жайын осы ауданда жер астынан шығатын ыстық қайнарларында өсірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2016 жылы іске қосылған шаруашылық айына 5 тонна балық етін облыс аумағына және Алматы қаласына өткізіп келеді. Аталған тіршілік иесі  28-29 градус нөлден жоғары температурада емін-еркін өмір сүреді. Себебі тиляпияның негізгі отаны Африка және тропиктік елдер. Қазіргі шаруашылықта 7 мың бас тиляпия мен 10 мың бас африка жайыны өсірілуде. Бұл балықтардың бір ерекшелігі жарты жылда тауарлы салмағына жетіп, сатуға жарамды болады. Экзотикалық балық түріне сұраныс та жоғары. Биыл кәсіпорын жылына 60 тонна балық өндірмек. Ал келер жылы 300 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Салыстырмалы түрде Қытай еліндегі балық экспортының 50 пайызы, Израильде 40 пайыз осы тиляпия құрап отыр.

«Басқа балықтарға қарағанда тиляпия оттегіні да аса көп қажет етпейді. 1 литр суға 3 мг оттегі жетіп жатыр. Дәл осындай ортада бұл балықтар тәулігіне 3-4 гр салмақ қосып отырады» дейді балық өсіруші Дәурен Рахимов.

Мамандардың айтуынша бұл балықтың өзге балықтан дәмі де, түсі де өзгеше. Тіпті кей елдерде тиляпияны су тауығы деп те атайды. Себебі етінің дәмі тауық етіне жақын. Сондай-ақ қылтанағы да аз.