Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 14 қыркүйек түнгі сағат 23:24 шамасында Іле аудандық полиция басқармасына Ащыбұлақ ауылынан хабар түскен.
Онда ауылдағы бір үйден өрттен кейін зорлық-зомбылық белгілері бар К. есімді азаматша мен оның екі баласының мәйіті табылғаны айтылған.
«Аталған дерек аудандық полицияда ҚР ҚК 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бүкіл аудандық полиция бөлімшелеріне және көршілес өңір полициясына ақпарат жолданды», - деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Айтуынша, түпкілікті процестік шешім қабылдау үшін барлық қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу шаралары жүріп жатыр.
«ҚР ҚІЖК 201-бабы бойынша тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды»,- деп атап өтті облыстық департамент басшысы.