Алматы облысында анасы мен қызы 9 жыл бойы «құлдықта» болған

Фото: None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат- Алматы облысында қызы мен анасын белгісіз біреулер ұрлап әкетіп, фермада құлдықта ұстаған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне жәбірленушінің жеңгесі Жанар Кенжебекқызы айтып берді.

Жанар Кенжебекқызының келіні осыдан 9 жыл бұрын жұмыс іздеп шыққан. Содан жұмысқа тұрғызамын деген белгісіз біреулерге алданып, көлігіне отырып кеткен.

«Жұмыс береміз дегенге сеніп қалған, қолында бір құжаты жоқ. Әйел адам әлсіз болғаннан кейін, оның үстіне күш көрсеткен болуы керек, қашып шыға алмаған. Биыл оның денсаулығы сыр бере бастаған соң жұмысқа жарамайтынын білген әлгілер Гүлдала деген жерге әкеліп тастаған. Сол жерден туыстар хабар беріп, бізді шақыртты. Наргиз менің қайын сіңілім болып келеді. Қызы Ділназды бізге тапсырып, қолындағы үш баласымен келінім шешесімен бірге тұруға кетті»-деді Жанар Кенжебекқызы.

Қара жұмысқа жегілген ана азаптан құтылған кезде 11 жастағы қызын асыраудан бас тартқан. Бүгінде Ділназ ағасы мен жеңгесінің үйінде тұрады.

«Анасы бас тартқаны рас. Бұл туралы қолхат жазып қалдырды. Қыз біздің қолымызда, қазір 3 сыныпты бітірді..» -деді Жанар Кенжебекқызы.

Ағасы Абдусамат Заитовтың айтуынша, құлдықта болған қарындасын жан-жақтан, шекара асып та іздеген. Келіншегін іздеген күйеу баласының да әрекетінен нәтиже болмаған.

11 жастағы Ділназдың әкесі Қазақстанда тұрады. Баласын асырауға құлқы жоқ көрінеді. «Құлдықтан» босап шыққан Наргиз аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазған екен. Аталған деректерге байланысты құқық қорғау орындарынан түсініктеме алуға тырыстық.

«Бұл істі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгіздік. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Күдіктілер анықталды. Жәбірленуші құлдықта болғаны немесе өз еркімен жұмыс істеуге барғаны анықталып жатыр»-деді Алматы облысы ІІД баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет.

Бұл оқиға туралы ең алғаш блогер Ринат Кибраев ютуб желісіндегі каналында жариялаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар