Алматы облысында апатқа ұшыраған ұшақ азық-түлік жеткізбек болған

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының Балқаш ауданында апатқа ұшыраған ұшақтағылар азық-түлік жеткізбек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құзырлы органның мәліметінше, олар   Балқаш ауданындағы Жиделі ауылдық округіндегі «Қонаев саябағы» демалыс орнына  бара жатқан. Діттеген жерлеріне 60 шақырым қалғанда, әуе кемесінің қозғалтшысы істен шыққан. 100 метр биіктіктен құлап, оқиға орнында ұшқыш көз жұмды. Ал ұшақта болған екінші адамның аяғы жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы облысының Балқаш ауданында ұшақ апатқа ұшырады. Әуе кемесінің ішінде екі адам болған. Ұшақ «Олжа Бастау» ЖШС-ға тиесілі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше,  «Олжа Бастау» ЖШС-ның  ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті беретін авиациялық жұмыс куәлігі немесе пайдаланушы ретіндегі сертификаты болмаған. Пайдаланушы «Олжа Бастау» ЖШС жалпы мақсаттағы авиацияға қарайды, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің тіркеуінде тұр. Аталмыш оқиға бойынша ҚР ИДМ Көлік апаты мен оқиғасын тексеру жөніндегі департамент тексеріс жүргізеді.

Нақтыланған ақпарат бойынша, апатқа ұшыраған әуе кемесі екі кісілік емес, төрт кісілік. Екі жолаушының орны азық-түлікке толы болған.