Алматы облысында әртүрлі ауруларға ем болатын ешкі сүті өндірісі жолға қойылмақ
Егер Үкімет тарапынан бұл бастамамыз қолдау тапса, біз Қытай елінен 1000 бас ешкі сатып алуға дайынбыз. Ал, қазіргі уақытта голландиялық өндірушілермен жасасқан серіктестік арқасында, ультрапастерленген ешкі сүтін шығарудамыз. Қазақстандық тұтынушылар енді, әуес ас ешкі сүтін үйреншікті экологиялық тетрапакетінде сатып ала алады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында елімізде алғаш рет ешкі сүтінің өнеркәсіптік өндірісін игерген "Ақ-Бастау" компаниясының директоры Әділ Омар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ультрапастерленген ешкі сүтінің бірінші тобы шілде айында шыққан. "Тамыздың бірінен бастап барлық сауда орындарында сатылымға жіберілді. 1 литр ешкі сүтінің көтерме бағасы 800 теңге, сауда орындарында сатылым бағасы 1300-1500 теңге. Оның сақталу мерзімі 6 ай", деді ол.
Оның айтуынша, елімізде ешкі бағуға климаттық жағдай өте қолайлы. "Сұраныс жақсы болса, бағаның көлемі азайып, тұтынушылардың барлығына қолжетімді болады. Сүтпен қатар, одан ірімшік және тағы да басқа өнімдер шығаруды жоспарлаудамыз", деп атап өтті ол.
Баспасөз мәслихатына арнайы қатысқан Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановтың айтуынша, ешкі сүті көптеген емдік және профилактикалық қасиеттерге ие. "Әсіресе, өкпеқұрт, қант диабеті, асқазан, ішек жолдары, аллергия мен қан аздық сынды ауруларды жеңе алатын бірегей қасиеті бар. Ешкі сүтінде 12 түрлі дәрумен бар. Сүттің ақуыздық, майлылық, дәрумендік және микроэлементтік құрамы бойынша басқа ауыл шаруашылық жануарларының сүтінен артықшылығы - оның азықтық және биологиялық құндылығының жоғарылығында. Ешкі сүтінің майы ағзаға жақсы сіңеді, ал оның құрамындағы қанықпаған қан қышқылдарының жоғары мөлшері холестериннің қан тамырларына жинақталуына қарсы тұрып, иммунитетті арттыруға ықпал етеді", деп атап өтті Төрегелді Шарманов.