Алматы облысында асыранды балаларды ұрған әйел жағдайды түсіндірді

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы облысында асыранды балаларды ұрған әйел не себепті оларға қол көтергенін түсіндірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зура Өмірзақова үш жыл бұрын төрт баланы қамқорлығына алыпты. Ол үшін әкімдік өкілдері келіп, тиісті тексерулер жүргізген. Арнайы психологиялық дайындықтан өткен. Ал тәрбиесіндегі жеткіншектердің үлкені он сегізде, кенжесі он үште екен. Айтуынша, балалардың кейде жанжалдасып, бір бұйымға таласып қалатын кездері көп. Сондықтан дауыс көтеремін дейді.

«Мейірімді көрмей кеткен балалар ғой енді осы уақытқа дейін. Енді-енді түзеліп, міне төрт жылдың ішінде адам болып келе жатыр. Қазір бәрі қазақша сөйлейді. Домбырада ойнайды. Боксқа қатысады. Күреске қатысады. Бәрін істейді. Бірақ енді бала болғаннан кейін бір-бірімен кей кезде келісе алмай қалады. Әйтпесе, мына жақта достары да бар»,- деді Алматы облысының тұрғыны Зура Өмірзақова.

Әкімдік өкілдері де Зура Өмірзақованың барлық қажетті дайындықтан өткенін және бала асырап алуға үміткер ретінде кезекте тұрғанын айтты. Әрі бұған дейін жалғызбасты әйелдің ешқандай бала тәрбиесімен айналыспағанын растады. Ал осы жанжалдан соң бірден жеткіншектерді жекеменшік балалар үйіне уақытша ауыстырыпты. Айтуларынша, балалардың денесінде жарақат жоқ. Әрі олар аналарын ақтап отыр дейді.

«Кәмелет жасқа толмағандар ісіне қатысты комиссия отырысы өтеді. Бәрі де сонда шешіледі. Зура Өмірзақова қамқоршылық құқығынан айырылуы мүмкін. Бәлкім, қара тізімге енгізер», - деді Іле аудандық қорғаншылық және қамқоршылық органының бас маманы Ботагөз Төлебекова.

Мамандар төрт бала да Талдықорғандағы кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілуі мүмкін деді. Әзірге олар балалар үйінде болмақ. Ал Зура Өмірзақова балаларының мектеп киімдерін дайындап қойғанын және жанұясы үшін соңына дейін күресетінін жеткізді.

Айта кетейік, бұл іске қатысты Алматы облыстық полиция департаменті әкімшілік кодекстің 127 бабы бойынша іс қозғады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әйел адамның балаларға ұрсып, ұрып жатқан видеосы желіге тараған болатын.

Онда әлденеге ашулы әйелдің балаға ұрысып, балағаттап, қолына түскен бұйымды лақтырып жібергені анық көрінеді. Келесі жазбада қабырғаға тақап қойып, төмпештей жөнеледі. Тіпті «сенің сұрауың жоқ, өлтіріп тастайын ба?» дейді.

Ал желіге жүктеген жазба авторы келіншектің төрт баланы қамқорлығына алғанын, бірақ үнемі жұмысқа жегіп, қорлық көрсететінін айтқан.