Алматы облысында Ауған соғысы ардагерлері арасында республикалық жарыс басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында ауған соғысы ардагерлері арасында волейболдан республикалық  жарыс басталды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен  9 команда жиналды. Олар Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін тұңғыш рет ұйымдастырылған шарада өзара бақ сынасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Жүлде қоры қомақты.  Бірінші орынға 500 мың теңге, екінші, үшінші орындарға 300 және 200 мың теңге сыйлық қарастырылған. Сондай-ақ бес номинация бойынша 5 адам 50 мың теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болмақ. Жеңімпаздар есімі ертең анықталады. 

Өз кезегінде республикалық жарыстың өтуіне тікелей қолдау білдірген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ауған соғысы жауынгерлерінің ерлігін еске алды. 
 

"Тарих беттерінде орын алған ауыр оқиғалардың бірі - Ауған соғысы. Қиын сәттерде, өмір мен өлім белдескен шайқаста біздің жерлестеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Бейбіт өмірде бар ерік-жігерін салауатты өмір салтына арнаған Ауған соғысы ардагерлеріне республикалық турнирде жеңіс тілеймін" , - деді А. Баталов. 
 

Ауғандық ардагерлер атынан «Ауған соғысы мүгедектерінің республикалық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Кеңес Одағының батыры Николай Кремениш сөз алды. Ол турнирді ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, ойын қатысушыларына сәттілік тіледі.  
 

Естеріңізге сала кетейік, Ауған соғысы ардагерлері арасында республикалық жарыс ұйымдастыру биыл ақпан айында көтерілген болатын .  Өңір басшысына осындай ұсынысты  жетісулық интернационалист жауынгерлер білдірген еді. Бірден ұсынысты қабылдаған Алматы облысының әкімі бүгінгі жарыстың өтуіне тікелей ықпал етті. Болашақта алғаш рет республикалық деңгейде өткен шараның  ауқымын кеңейту жоспарлауда.
 

Ауған соғысы 1979-1989 жылдары аралығында болды. Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мыңнан астам  адам қатысты.  Олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10000-ға жуық ауған соғысының ардагерлері бар. Олардың 3500 астамы  мүгедектер қатарында.