Алматы облысында ауылды су алды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты Айдарлы ауылындағы үйлердің ауласына су жайылып, халықты әбігерге салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шамамыз келгенше суды көшеге қарай бұрып жібердік. Бүгін екі трактор келіп,  шамасы жетпей жатыр. Фундаменттің астына қарай су сіңіп кетті. Қорадағы мал лайдың астында қалды», - дейді Айдарлы ауылының тұрғыны.

Тұрғындар ағысы қатты су үйдің маңындағы қоршауларды қиратып, үйдің кіреберісіне де су кіргенін айтады. Сөздерінше, еккен бау-бақшалары  жарамсыз болып қалған. Су қыста азық-түлік сақтайтын жертөлеге де жайылған екен.     

«29 мамыр күні сағат 10:00 шамасында Жамбыл ауданының Айдарлы ауылында егін алқаптарын суғару үшін Үлкен Алматы каналы арқылы су жіберу нәтижесінде Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №7, №25 үйдің ауласын су алды. Төтенше жағдайлар күшімен сағат 16:30 шамасында ауладағы су толығымен сорғызылды, қазіргі уақытта су алған аулалар жоқ. Қазір каналдың жағасын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді  Алматы облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою бөлімінің  инженері  Бауыржан Ибраимов.