Алматы облысында ауылды жерлердегі табиғатты көркейту мәселесі талқыланды

АЛМАТЫ. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай әр ауыл ағаш егуді қолға алса, еліміз әлемдегі ең жасыл мемлекетке айналар еді. Бұл туралы Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылында өткен Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Туған табиғатты аялайық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында белгілі кәсіпкер, «Гүлстан» ЖШС директоры Гөзел Құлжабаева айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Гөлел Құлжабайқызы бұған дейін әр ауылда 20 мың ағаш егілсін деген бастама көтерген еді. Бұған сәйкес өзі Кербұлақ ауданының Басши, Нұрым ауылдандарында көгалдандыру жұмыстарын қолға алған. «Бұл тәжірибе Алматы облысының әр ауылында қолдау табуда. Сондықтан бүгінгі ғылыми -тәжрибелік конференцияны өткізуді жөн көрдік. Бұған дейін 3 жыл қатарынан облыстағы 51 мектеп арасында өсімдік егу, тану бойынша жарыс өткізіп келген едік. Биыл соның қорытындысы іспетті, әрі әр ауылды көгалдандыруға үгіттеу мақсатында бүгінгі конференцияны қолға алдық», -дейді Г.Құлжабайқызы.

Конференцияға 16 аудан, 3 қаладан 250 делегат қатысты. Олардың басым бөлігі ұстаздар. «Табиғатты көркейтуді үйретуді ұстаздардан бастау қажет. Өйткені жас ұрпаққа білім беретін ұстаздар. Сондықтан ауылды жерде көркейтуді ұстаздар мектептен, оқушыларға үйретуден бастаса мектептен өсімдік әлемінің қыр-сырын үйреніп шыққан адам болашақта табиғатқа қамқор болары сөзсіз», - дейді Г.Құлжабайқызы.

Шара барысында қатысушыларға Нұрым, Басшы ауылдарындағы көгалдандырылған аймақтар таныстырылып, көгалдандыру бойынша шеберлік сыныптары өткізілді. Сондай-ақ олар өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісіп, арнайы ашылған кітап көрмесін аралап көрді.