Алматы облыстық мәслихатының Бюджетті жоспарлау тұрақты комиссиясының төрағасы Секенбай Шеңгелбаев өңірде ауылшаруашылық саласын қаржыландыру өте төмен екенін жеткізді.
«Біздің Алматы облысының бюджеті 857 млрд теңге болса, оның 61,3% әлеуметтік салаға бөлінсе, оның ішінде тек білім саласына 434 млрд теңге бөлінеді. Ал ауылшаруашылық саласына небәрі 9% ғана қаражат бөлініп келген. Оның өзінде 9 пайыздың өзі толықтай ауылшаруашылық емес, оның ішінде орман шаруашылығы тағы бар. Яғни, шындап келгенде ауылшаруашылық саласына 4,7 % ғана қаржыландыру жүріп келеді. Сондықтан бұл мәселені дұрыс жолға қою керек. Қаржыландыруды көбейту керекпіз. Себебі, Алматы облысының драйвері - ауылшаруашылық саласы»,- деді Бюджетті жоспарлау тұрақты комиссиясының төрағасы Секенбай Шеңгелбаев.
Сондай-ақ, спикер Жетісу жерінде қант қызылшасын өсіру алқабын көбейтуді қолға алуды ұсынды.
«Қант ол керек дүние. Ертең қант тапшылығы болса, бәрі қымбаттайды. Сондықтан субсидия көлемін ұлғайту керек»,- деді Алматы облыстық мәслихаттың депутаты Секенбай Шеңгелбаев.
Айта кетейік, қазір Талдықорғанда Алматы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағаларының қатысумен жиын өтуде. Басқосуға басқарма басшылары қатысып, бюджетті жоспарлаумен танысуда.