Алматы облысында әйелдер колониясынан карантин алынды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -​ Бүгін Алматы облысында Іле аудандық бас санитарлық дәрігердің қаулысымен ЛА 155/4 түзеу мекемесінен карантин режимі алынып тасталды, ​деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, аталған түрмеде жазасын өтеп жатқан аяғы ауыр 22 жастағы келіншектен коронавирус анықталған болатын.

«Әйел босануға дайындалып жүргендіктен, сондай-ақ тексерілуге бірнеше рет барған аудандық аурухана кейіннен карантинге жабылуына байланысты одан анализ бірнеше рет алынды. Кеше оған коронавирус инфекциясына талдау қайта жасалды. Ол теріс нәтиже көрсетті. Covid-19-ға тест сондай-ақ онымен байланыста болған жазасын өтеушілерге және мекеме қызметкерлеріне, жалпы 67 адамға жасалды. Барлығында нәтиже теріс болды», - делінген polisia.kz сайтында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, инфекция анықталғанға дейін аяғы ауыр келіншек түзеу мекемесінің медициналық бөлімінде өзге науқастардан оқшауландырылған. Онда коронавирус індетіне тән белгілер байқалмаған.

Колонияда дезинфекция шаралары жүргізілді.