23 сәуір күні облыстық полицейлер табиғат қорғау инспекциясымен бірлескен рейд барысында заңсыз балық аулаған Балқаш ауданындағы Аққұм ауылының маңында 42 жастағы Қарағанды облысының тұрғынын ұстады. «Күдіктіден «ЯМАХА-90» маркалы аспалы қозғалтқышты «АМУР» қайығы, пластикалық қыл жіптен жасалған ау және басқа жабдықтар мен ауланған балық тәркіленді. Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Мемлекетке 300 мыңға жуық материалдық шығын келтірілген», - деп атап өтті облыстық Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары 20 күн ішінде «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 50-ден астам хаттама толтырып, 8 тұлғаға қатысты табиғат қорғау заңнамасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
Өз кезегінде, полицейлер іс-шараның мамыр айының соңына дейін жалғасатынын айтып, облыс тұрғындарын балықтардың уылдырық шашуына кедергі келтірмеуге шақырады.