Алматы облысында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы жөнінде қоғамдық тыңдаулар өтті

АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат. Өткен аптада ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің «Алматы - Хоргос» құрылыс учаскесінің жобасы жөнінде қоғамдық тыңдаулар өткізді,

деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Транзиттік дәліз өтетін өңірдің жұртшылығымен кездесулерді өткізудің басты мақсаты - жүргізілген жобалық-зерттеулік жұмыстардың тұсаукесері, туындауы мүмкін мәселелер мен оларды шешуде жәрдемдесу шаралары, тапсырыс берушілер, мердігерлер, жергілікті атқарушы органдармен және т.б. байланысудың әдістері мен формалары туралы қоғамды ақпараттандыру, оның ішінде, жобаға қатысты мүдделері бар жер иелеріне ақпарат беру болып табылады.

«Қазжоба» ЖШС және «Қазақстан жолдары» АҚ бас жобалаушылармен кездесу барысында жұртшылыққа облыстың және барлық енгізілген және келісілген өзгертулермен қоса жеке аудандардың аумағы арқылы өтетін жолдың жобасына толық сипаттамасы ұсынылды. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің мамандары республиканың экономикасына және жалпы өңір үшін де жобаның маңыздылығы туралы түсініктемелер берді.

Жобаны ақпараттық қолдау мақсатында, сондай-ақ, «Сұрақ-жауап», «Байланыс» айдарлары арқылы онлайн режимінде қатынасуға мүмкіндік беретін «Жаңа Еуропаға жол» (www.еurope-china.kz) атты арнайы сайттың тұсаукесері болды.

Тыңдауға қатысушылар Дүниежүзілік банктің қоныс аудару саясатымен, сонымен қатар, проблемалық мәселелер жөніндегі шағымдар мен жолдамаларды қанағаттандыру механизмдерімен танысты. Сондай-ақ, жеке меншік иелеріне Дүниежүзілік банктің талаптарына сәйкес Қоршаған ортаға әсер ету бағасының жоспарын дайындау туралы ақпарат берілді. Қатысушыларға «Жеке меншік иелеріне және жерді пайдаланушыларға мемлекеттік қажеттіліктер үшін жерлерді мәжбүрлеп иесіздендіру кезіндегі құқықтар мен өтем ақылар туралы ақпарат» кітапшалары ұсынылды.

Жұртшылықпен жүргізілген кездесулердің маңызды бөлігі үй және жабайы жануарлар үшін мал өтпелерін, ауылшаруашылық техникасы үшін өтетін орындар орнату, шағыл құмның көшуінен қорғау, топырақ карьерлерін рәсімдеу және жергілікті халықты жұмысқа орналастыру мәселелерін талқылауға арналды.

Сонымен қатар, жер иелері құрылыс жұмыстарының басталуы, өтем ақыларды төлеу тәртібі, жобаланып жатқан жолдардың техникалық параметрлері туралы мәселелерге қызығушылық танытты. Тыңдауға қатысушылар осы және басқа да сұрақтарына толық жауаптар алды.