Алматы облысында бірігіп ішімдік ішкендердің отырысы өліммен аяқталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жедел уәкілдер бір тәулік ішінде кісі өлімін ашып, күдіктіні тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Алматы облысы Кербұлақ ауданында кеше сағат 22.00 шамасында болған. Полиция бөлімінің кезекші бөліміне учаскелік инспектордан зорлықпен өлтірілген 64 жастағы тұрғынның мәйіті Көксай ауылында табылғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Ер адамды өз үйінде өлтіріп кеткен.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы адам өлімі ішімдік ішу барысында болғанын анықтаған.

Куәгерлердің көмегімен күдіктінің белгілері бойынша сөздік портрет жасалып, бір тәулік ішінде көрші ауылдың 43 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті ұсынылған дәлелдемелерден кейін кісі өлтіргенін толық мойындады.

Аталған дерек ҚР ҚК-ның 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес тіркелді. Күдікті ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы негізінде уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды.