Алматы облысында Бірлік мерекесін 100-ден астам этнос өкілдері тойлады

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының орталығы Талдықорғанда татулықты ту еткен мейрамды жұртшылық сән-салтанатымен атап өтуде. Жалпы Жетісу жерінде 105 ұлт өкілі береке-бірлікте өмір сүріп, 70-тен астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр Ассамблея құрамындағы кеңестер мен ұйымдар Елбасы мақаласындағы «Туған жер», «100 жаңа есім» және «Қазақстанның киелі географиясы» сынды кіші бағдарламаларды үйлестіруге атсалысты. Ендігі мақсат Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуына жұмыла күш салу.

«Елбасы бүгінгі біздің жетістігіміз, мына бүгінгі біздің еңбектің жемісі деген. Барлығы қоғамдық келісімге байланысты. Халықтың бірін-бірі түсініп, бірін-бірі сыйлап, бірліктің арқасында жақсы нәтижеге жетіп отырмыз», - дейді Алматы облыстық ҚХА жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов.

Мерекелік шаралар Талдықорған қаласындағы «Жастар» мəдени-демалыс саябағында ұйымдастырылды. Көпшілік назарына облыстағы этномəдени бірлестіктердің көрмесі, спорттық ойындар, «Талдықорған əуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның жəне басқа да шығармашылық ұжымдар əртістерінің концерті, халық ансамбльдерінің əні мен биі ұсынылды. Мерекеге жиналған көпшілікті Алматы облысының əкімі Амандық Баталов құттықтады.

«Құрметті жетісулықтар! Сіздерді бейбітшілік пен келісім мерекесімен құттықтаймын! Отанымыздың ең басты байлығы - бірлігі жарасқан көп этносты халқы. «Жүзі басқа болса да - жүрегі, тілі басқа болса да тілегі - бір» халқымыз қазақ жерінде тату-тəтті өмір сүруде. Тəуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақытындағы еліміздің əлеуметтік-экономикалық табыстарының басты факторы да - осы. Ұлы дала төрінде 100-ден астам этнос өкілдері бір шаңырақта бірлікте өмір сүруі - Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың əлем мойындаған оң саясатының жемісі. Отанымыздың, Мəңгілік Еліміздің мерейі үстем, болашағы жарқын болсын!», - деді тұрғындарды құттықтаған облыс əкімі Амандық Баталов.

Айта кету керек, кешкісін шара жастардың би кешіне ұласады. Сондай-ақ 1 мамыр күні қаладағы орталық саябақта балаларға арналған аттракциондар өз жұмысын бастады.