Алматы облысында биыл 49 мың бала 1-сыныпқа барады
Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде биылғы жылдың өзінде облыста 49 000 бүлдіршіннің 1-сыныпқа барғалы отырғандығын мәлім етті. Амандық Баталов оқушылардың сабақтарын жақсы оқып, ұстаздарынан өмірлік тәлім-тәрбие алып, білім нәрімен сусындап, еліміздің болашағына сүбелі үлесін қосар саналы азамат болып өсетіндіктеріне сенім білдіретіндігін жеткізді. Осыдан кейін жаңа ғимараттың лентасы салтанатты түрде қиылып, облыс әкімі бастаған бір топ қонақ мектептің ішкі құрылымымен танысып, сапасын тексеріп шықты.
Айта кету керек, мектеп құрылысын "Риголит" ЖШС жүргізді. Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың тамызында басталып, 2017 жылдың тамызында толығымен аяқталды. Ғимаратта барлық материалдық-техникалық базамен қамтылған 60 оқу кабинеті, соның ішінде арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған 2 химия, 2 физика, 2 биология, 2 ЛМК, 4 информатика кабинеттері бар. Сонымен қатар 2 кітапхана, 2 технология кабинеті, 2 спорт залы мен 230 орындық асханасы да бар. Бүгінгі күні оқушылар саны - 850. Олар 100% оқулықтармен қамтамасыз етілген. Жалпы жыл соңына дейін Алматы облысында 35 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.