Алматы облысында болған өрттен үш ер адам қаза тапты, екеуінің тұлғалары анықталған жоқ

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы облысында өрт кезінде үш ер адам қаза тапты, олардың ішінде екеуінің тұлғалары анықталған жоқ.

 Бұл туралы ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.

 Талдықорған қаласындағы Амангелді көшесіндегі үйден сағат 04:57-де өрт шықты. Оны өрт сөндіру бөлімі келгенше жергілікті тұрғындар өздері сөндірді. Оқиға орнына ҚР ТЖМ Алматы облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметіндегі жеке құрамның 5 адамы мен 1 техникасы шықты. Жалын тілі 1 шаршы метр аумаққа тарады. Оқиға орнында 75 жастағы ер адамның мәйіті табылды.

 Алматы облысының Қарасай ауданындағы "Еңбек" саяжайлық қоғамдастығында 26 қыркүйек күні сағат 03:10-да саяжайлық үй отқа оранды. Өрт сағат 04:15-те ауыздықталып, 04:20-да сөндірілді. Онымен күреске ҚР ТЖМ Алматы облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметіндегі жеке құрамның 4 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды. Жалын тілі 50 шаршы метр аумаққа тарады. Өртті сөндіру барысында тұлғалары анықталмаған екі ер адамның өртеніп кеткен мүрделері анықталды.