Алматы облысында екі орман шаруашылығындағы өртті сөндіру жұмыстары жүргізілуде

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін күндіз  Алматы облысындағы Кеген орман мекемесінің Темерлік орманшылығында 15 гектар  алқапта орман өрті орын алды, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның атап өтуінше, өртті сөндіруге Кеген орман мекемесінің қызметкерлері мен техникасы, сондай-ақ жергілікті тұрғындар тартылған. Қазіргі таңда өрт сөндіруге 50 адам, 2 өрт сөндіру машинасы, 8 жеңіл автокөлік пен «Қазавиаорманшарқорғау» РМҚК тікұшағы жұмылдырылуда. Оттың таралуына жол бермеу шаралары қабылдануда.

«11 қыркүйекте сағат 15.30-да Ақмола облысының Кеңес орман мекемесінің Құзған орманшылығында орман өрті орын алды, оның таралу аумағы шамамен 50 гектарды құрайды», - делінген ведомство ақпаратында.

Өртті сөндіруге Кеңес орман мекемесінің қызметкерлері мен техникасы, Ақкөл ауданының өрт сөндіру бөлімшесі, сондай-ақ жергілікті адамдар жұмылдырылуда. Өртті сөндіруге 40 адам, 4 өрт сөндіру машиналары, 2 трактор және «Қазавиаорманшарқорғау» РМҚК тікұшағы тартылған. Қазіргі таңда отты сөндіруге қосымша күш пен қаражат жұмылдыру жөнінде шаралар қабылдануда.