Алматы облысында электр энергиясының тарифі басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары - сенатор Н. Сүлейменов

АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алматы облысында электр энергиясының тарифі басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдаған сенатор Нұрлан Сүлейменов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні Алматы облысында электр энергиясының тарифі (кВт/сағатына 10,27 теңге) еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Жалпы республика бойынша алып қарастырсақ, өңірдегі тариф 1,4 есе жоғары екен. Бұған қоса, Алматы өңірлеріндегі электр энергиясының қымбат бағасына қарамастан «KEGOС» АҚ-ның жүйесі бойынша электр энергиясының транзитіне ең жоғары тарифті бекіткен. Бағамдағы осындай айырмашылықтар облыстағы тауар өндірушілер өнімдерінің бәсекелестігін едәуір төмендетеді және елдің тұрмыс деңгейіне айтарлықтай әсерін тигізеді», деді сенатор.

Оның айтуынша, Үкіметтің «Шекті тарифтерді бекіту туралы» қаулысына сәйкес жеткізуші-электростансылар бағасының көтерілуі де жоспарланған. Бұл сәйкесінше облыс бойынша электр энергия тарифінің жоғарылауына әкеп соғатын болады. «Сондықтан да, Алматы облысы тұрғындарының әлеуметтік және экономикалық теңдігін еліміздің басқа өңірлерімен теңестіруді қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша электр энергиясының бірыңғай бағасына кезеңдеп өту мәселесі қарастырылуы қажет», деген депутат осы мәселеде Үкімет басшысының қолдауын сұрады.