Алматы облысында еліміздегі тұңғыш түзеу мекемелерінен оралған кәмелеттік жасқа толмағандарды оңалту орталығы ашылмақ

АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Алматы облысында Қазақстандағы түзеу мекемелерінен оралған кәмелеттік жасқа толмағандар үшін алғашқы екі бірдей оңалту орталығы ашылмақ.

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс 7-ші отырысы барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта Алматы облысының әкімдігі «Үміт үйі» қоғамдық бірлестігімен қосылып, түзеу мекемелерінен оралған кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер үшін Қапшағай мен Талғар қалаларының аумағында оңалту орталықтарын ашуды көздеп отыр», деп атап өткен облыс әкімінің орынбасары, бұндай орталықтардың елімізге аса қажет екендігін баса айтты. Осыған орай ол бұл бастаманы Әділет, Ішкі істер министрліктері сияқты органдардың қолдауы қажет екендігін атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда аталған орталықтарды салу үшін Қапшағайда 12, ал Талғар қаласында 6 гектар жер де бөлінген. «Екі-үш айдан кейін біз 20-30 адамды қабылдауға мүмкіндік аламыз. Жалпы одан кейін біздің іс-шаралар жоспарымыз іске асыу барысында 250-300 балаға жағдай жасалады», деген С.Мұқанов бұл орталықтарда қыздар мен ұлдар жеке-жеке қабылданатынын айтты.