Қайғылы оқиға Еңбекшіқазақ ауданы Лавар ауылының маңында болған. Оқиға орнында полицейлер жасырынған көліктің кузовының бояуы мен фара шынысының сынықтарын тапты. Осы бөлшектер бойынша көліктің маркасы «БМВ-524» болғаны анықталды.
«Жедел іздестіру шаралары барысында Еңбекшіқазақ АІІБ қызметкерлері облыстық жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің көмегімен Шелек ауылындағы үйлердің бірінде көлігін жасырмақ болған Панфилов ауданының 21 жастағы тұрғынын ұстады. Табылған автомобильдегі ақаулар оның жол-көлік апатына қатысы бар екенін растады», - деп хабарлады Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінде.
Аталған факт бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіле бастады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Ұсталған адамның көлігі арнайы тұраққа жеткізілді.
«Жол-көлік апатында қаза тапқанның құжаттары болмағандықтан, туыстарына хабарлау үшін оның кім болғанын анықтап жатырмыз», - деді облыстық полицияда.